АЛЖИР лагері тарихындағы тұлғалар

Зағипа Сәдуақасқызы Тінәлина

Тінәлина Зағипа Сәдуақасқызы 1911 жылы Қарағанды облысы, Вишневскі ауданының Бабай ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1932 жылы Коммунистік партияның мүшесі болған.

1930 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумын бітірген.

1930-1933 жылдары Петропавл қаласында өндірістік-қаржы техникумында оқып жүрген кезде комсомолдың аймақтық комитетінің жас пионерлер бөлімін басқарған, кейін аймақтық тұтыну одағының басқарма мүшесі болып сайланды. Тұтыну одағында жұмыс істеп жүрген уақытта Ақмола облыстық комсомол басқармасы комитетінің мүшесі болды.

1933-1936 жылдары – ВЛКСМ Коммунистік Қазақ аудандық комитет ұйымында балалар бюросының төрағасы қызметін атқарған. 1936-1937 жылдары ВЛКСМ Алматы облыстық комитетінде екінші хатшы болған, ВЛКСМ Қазақ аудандық комитетінің бөлім бастығы, Қазақ Орталық атқару президиумының референді қызметін атқарған. 1937 жылы сәуір айында жолдасы Әлібаев Абат тұтқындалды. Тұтқындалғанға дейін ол Қазақ мемлекеттік баспасының директоры қызметін атқарды (мәлімет Зағипа Тінәлинаның «Мы были счастливы трудом» мақаласынан алынған).

Тіналина Зағипа Сәдуақасқызы 1938 жылдың 10 маусымында КСРО НКВД жанындағы Ерекше Кеңесінің шешімімен 3 жыл бас бостандығынан айырылды. 1938 жылдың 7 қазанында Алматы қаласының түрмесінен Ақмола лагеріне әкелінді. Карлагтан 1941 жылдың 10 сәуірінде босатылды. (мәлімет Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы мен «Мемориал» Халқаралық қоғам 2003 жылы Мәскеу қаласының «Звенья» баспасынан шыққан «Узницы «АЛЖИРа» кітабынан алынған).

1941-1956 жылдары – Облыстық кинофикация бөлімінің іс жүргізушісі, шаруашылық меңгерушісі, директор орынбасары, директор, Ақмола драма театрының администраторы, басшы орынбасары, Ақмола облысы және Целинный аумағындағы мәдениет басқармасының инспекторы қызметін атқарған. 1956 жылы ақталды. 1963 жылы еңбек демалысына шыққанымен Целлиник сарайында кадр бөлімінде жұмысын жалғастырды.

1964 жылы – Революциялық салт-дәстүрді насихаттау Жас коммунистік лигасының ардагерлер кеңесінің мүшесі. 1967 жылыдан – Республикалық құндылығы жоғары бірінші зейнеткер. (мәлімет оның «Мы были счастливы трудом» мақаласы негізінен алынған). 1998 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

Оның күйеуі Әлібаев Абат Бәженұлы (1905-1938 жж.) 1905 жылы Оңтүстік облысының Яны-Қорған ауданында дүниеге келген. 1931-1932 жж. – «Еңбек» қазақ газетінің жауапты редакторы, Өзбек ССР Кенимех ауданының аудандық білім бөлімінің меңгерушісі. 1933 жылы Өзбекістаннан Қазақстанға көшіп кеткен қазақтарды қайтаруға саяси уәкілі болып жіберілді. 1933-1937 жж. – бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспасының директоры. 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталған .

(Мәлімет Зағипа Тінәлинаның «Мы были счастливы трудом» мақаласынан алынған).

Шубрикова Ирина Николаевна

Шубрикова Ирина Николаевна 1905 жылы Ленинград қаласында дүниеге келген. Ұлты – орыс. 1924 жылы қыркүйек айынан бастап КПСС партияның мүшесі.

1920-1921 жылдары – ВЛКСМ мүшесі. 1921-1924 жылдары тасымалдау төтенше комиссияның құпия-жедел бөлімінің іс-жүргізушісі және Ленинград қаласындағы Варшавалық темір жол күш қызметі БК(б)П парткомының техникалық хатшысы қызметін атқарды. 1924 жылдың желтоқсан айынан бастап 1926 жылғы наурыз айына дейін – Москва-Нарвт үгіт-насихат бөлімінің хатшысы, кейін облыстық білім беру бөлімінің сауатсыздықты жою жөніндегі инструктор болды. 1926 жылдың наурызынан бастап – Фрунзе қаласында облыстық білім беру бөлімінің бақылаушысы болды. 1927 жылдың қаңтарынан бастап «Жирторгсырье» тресінің басқарушысы, 1928 жылдың қаңтарынан бастап – БКП (б) облыстық комитеті істерін басқарушысы, 1930 жылдың қаңтарынан – Фрунзе қаласында БКП (б) қалалық комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі болды. 1930 жылдың тамыз айынан бастап Ташкент қаласындағы БК(б)П ОК Орта-Азиялық бюросының әйелдер бөлімінің хатшысы, 1931 жылдың қыркүйек айынана бастап майдегерлік-кәсіпшілік кооперациясының партия ұйымының хатшысы, 1932 жылдың желтоқсанынан бастап Куйбышев қаласындағы Фрунзелік БК(б)П ОК ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1934 жылғы тамыз айынан Куйбышев индустриялық институтынын студенті болды. Күйеуі Владимир Петрович Шубриков НКВД органдары тұқынға алғаннан кейін 1937 жылдың 15 тамызында партия қатарынан шығарылды. Ирина Николаевна 1937 жылы 3 қыркүйекте тұтқындалды (мәлімет баласы Константин Владимирович Шубриковтың естелігінен алынды).

Шубрикова Ирина Николаевна 1938 жылдың 7 маусымында НКВД-ның арнайы қаулысымен «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі» ретінде 8 жылға сотталды. 1938 жылдың 14 тамызында Новосибирскі қаласындағы түрмеден Ақмола лагеріне әкелінген. 1945 жылдың 3 қыркүйегінде бостандылған (мәлімет Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы мен «Мемориал» Халықаралық қоғамы 2003 жылы Мәскеу қаласының «Звенья» баспасынан шыққан «Узницы АЛЖИРа» кітабынан алынған).

1938 жылы қыркүйек айынан бастап, Ақмола бөлімшесінің еңбекпен-түзеу лагерінде агроном болды. Лагерде жер қыртысының коррозиясы тақырыбы бойынша туралы ғылыми жұмыспен айналысқан. Лагерден бостандыққа шыққаннан кейін, Малиновка ауылында тұрды. 1953 жылдың маусым айынан 1957 жыдың қазанына дейін «Ақмола» совхозында жұмыс істеді. «Ақмолинск» совхозында жұмыс істеп жүрген кезінде 1957 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен және КСРО ауылшаруашылық министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ауылдық кеңестің депутаты болды. 1957 жылдың 29 шілдесінде Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының ОК шешімімен партия қатарына қайта алынды. 1984 жылы Малиновка ауылында (қазіргі Ақмол ауылы) қайтыс болды (мәлімет ұлы Константин Владимирович Шубриковтың естелігінен алынды).

Оның күйеуі Владимир Петрович Шубриков 1905 жылы Орджоникидзе қаласында туған, ұлты – орыс. 1917 жылдан бастап ұсталғанға дейін Батыс-Сібір өлкелік комитетінің БК (б) П екінші хатшысы қызметін атқарды.

В.П. Шубриков Куйбышев өлкелік комитеті БК(б)П бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде 1937 жылдың 9 тамызында «оңшылдардың диверсантты-лаңкестік басшылығына және диверсантты және лаңкестік жұмыстарды жүргізгенге қатысы бар» деген жазықсыз жаламен тұтқындалып, 1937 жылдың 29 қазанында КСРО Жоғарғы Соттың Әскери Коллегиясының шешімімен РКФСР ҚК 58-8-ІІ бабымен ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді.

Ол 1937 жылдың 30 қазанында Мәскеу қаласында атылды. Жерленген жері белгісіз. В.П. Шубриков КСРО Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясының № 4н-010182/56 үкімімен 1956 жылдың 11 шілдесінде ақталды.

Мағрифа Мырзағұлқызы Қазбекова

Мағрифа Мырзағұлқызы Қазбекова 1903 жылы Торғай облысы, Ақтөбе уезінің 3 ауылында дүниеге келген. Әуелі медреседе, кейіннен Орынбордағы гимназияда оқыған. 1929 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген. Оның жолдасы Қазбеков Ысмағұл Сүлейменұлы Тимирязев академиясының ауыл шаруашылық бөлімін бітірген, тұтқынға дейін ол Қазақ институтының жер шаруашылығында тұқым өндіру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды, Мағрифа Мырзағұлқызы жұқпалы ауру дәрігері қызметін атқарған.

1936 жылы Ысмағұл Сүлейменұлы халық жауы ретінде тұтқындалды, ал Мағрифа Мырзағұлқызы Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде этаппен Ақмола лагеріне, кейін Долинкаға жіберілді. Балалары бір-бірінен бөлініп кетті. Ұлы Ерденді Магнитогорскідегі мектеп-интернатқа, ал қызы Элкені Шымкент қаласындағы балалар үйіне жіберді (мәлімет оның немересі Зәуре Оспанованың мақаласынан алынды).

Мағрифа Мұрзағұлқызы 1938 жылы 21-ші шілдеде НКВД жанындағы Ерекше Кеңестің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Ақмола лагеріне 1938 жылдың 1 қазанында Шымкент қаласының түрмесінен әкелінген. 1943 жылдың 2 наурызда Карлагтан босатылды (мәлімет Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы мен «Мемориал» Халқаралық қоғам 2003 жылы Мәскеу қаласының «Звенья» баспасынан шыққан «Узницы «АЛЖИРа» кітабынан алынды).

1

943-1946 жылдары, лагерден босатылғаннан кейін, Мағрифа Мырзағұлқызы Карлагтың 26-ші нүктесінде қалып, дәрігер қызметін атқарды. Ол 1956 жылы ақталды. Өмірінің соңына дейін Балхаш қаласында дәрігер болып, Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері атағын алды.

Мағрифа Мырзағұлқызы 1982 жылы қайтыс болды (мәлімет Мағрифа Қазбекованың немересі Зәуре Оспанованың жазған мақаласынан алынды).

Бүгінде Целиноград ауданы әкімдігінің өтініші бойынша Целиноград аудандық емханасына Мағрифа Мырзағұлқызы Қазбекованың атын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Енданова Анна Григорьевна

Анна Григорьевна Енданова 1917 жылы Владивосток қаласында дүниеге келген.

Оның күйеуі Лев Енданов НКВД-ның тергеушісі болған. 1937 жылы ішкі істер бөлімдеріне «тазалау» жүргізгенде оны қамауға алады. Кейіннен ол атылады. 1938 жылы Анна Григорьевна тұтқындалады. Сол жылдың 31 шілдесінде НКВД-ның айрықша қаулысымен 8 жылға сотталып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберіледі. Ал, екі жастағы қызы мен жеті айындағы ұлы балалар үйіне тапсырылады. Анна Григорьевна Владивостоктан «АЛЖИР»- ге 1938 жылдың 27 тамызында әкелінеді. Ол кезде Аннаның жасы 21-де ғана еді. «АЛЖИР»-де отырған 8 жылында және лагерден босатылғаннан кейін де ол аспазшы болған. Өзі қазан басында жүргендіктен, өзіне тиесілі нанды басқаларға беріп отырған.

Өмір оған аз соққы жасаған жоқ. Әуелі ұлының қайтыс болғанын естиді. Тұтқыннан босағаннан кейін Анна Григорьевна балалар үйінің директорының атына қызын қайда жібергенін сұрап, хат жазады. Директор қызының қайғылы жағдайда көз жұмғанын айтады. Жақсы өмірге деген соңғы үміті осылайша жоғалады. Сонда да ол берілмейді. 1946 жылы 18 наурызда тұтқыннан босатылады. Бірақ қиындықтар алдынан шыға береді. Бұрынғы тұтқын ретінде Ақмоладан басқа жерге шығуға рұқсат берілмейді. Көп уақыт бойы ол жұмысқа орналаса алмайды, тұрақты тұрағы да болмайды. Әйтсе де оның туа бітті қайсарлығы барлық қиындықты жеңеді. Уақыт өте келе өмірі бір қалыпқа түсе бастайды. Хаджымурат Низамутдинов деген жақсы бір адамды жолықтырады. Оған Анна Григорьевна барлық басынан өткен қиыншылықтарын айтып береді. Ол мұның бәрін түсініп, қалған өмірінде оған сенімді серік болуға уәде береді. Олар үйленіп, үш бала сүйеді. Балалары ақылды, қайырымды, білімді болып ер жетеді.

Анна Григорьевна Астанада 2014 жылы 97 жасқа келіп қайтыс болды.

Анна Григорьевнаның өмірі ақиқатын айтқанда шыдамдылықтың, қайсарлықтың шын үлігісі болып табылады.

Татьяна Павловна Ивинг-Афонина

Татьяна Павловна Ивинг-Афонина 1911 жылы Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша – хореограф.

1927 жылы Киев қаласындағы жеке меншік балет мектебін, 1929 жылы Ленинград қаласындағы балет класын тәмамдаған.

1929-1930 жылдары Киев қаласындағы концерттік-эстрадалық бюроның балерина бишісі, 1930-37 жылдары Мемлекеттік музыка, эстрада және цирк бірлестігінде балерина болды.

1937 жылы «халық жауының әйелі ретінде» жазықсыз қуғынға ұшырады. Оның күйеуі Авраменко (аты белгісіз), ұшақтарды шығару бойынша инженер, 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып атылған (ол көзі тірісінде күйеуі жайында айтпаған).

1943 жылы, лагерден босатылып шыққаннан кейін, Ақмола қаласында тұрды. Осы қалада әуелі клубта, кейін В.И. Ленин атындағы теміржолшылар мәдениет сарайында қызмет жасап, би үйірмесін ашты. Татьяна Павловна 32 жыл би үйірмесінің көркемдік жетекшісі болды.

Мәдени-ағартушылық қызметінің талантты ұйымдастырушысы, В.И. Ленин атындағы теміржолшылар сарайының алғашқы директоры, Қазақстан мәдениетінің еңбегі сіңірген қайраткері Борис Васильевич Афонинға тұрмысқа шықты.

1965 жылы Татьяна Павловнаға Кеңестер одағының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді.

1981 жылы Татьяна Павловна зейнеткерлік демалысқа шықты.

1995 жылы 21 қарашада Татьяна Павловна Афонина Акмола қаласында қайтыс болды.

Зильберберг Софья Александровна

Зильберберг Софья Александровна 5-карашада 1894 жылы Польшаның Лодзь каласында дүниеге келген, ұлты- еврей. 1937 жылы 29-желтоқсанда 8 жылға Совет Үкіметінің Ішкі Істер Халық Комиссарлары арқылы «Отанын сатқандар отбасының мушесі» ретінде 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. 1938 жылы 25 сәуірде ол Уфа түрмесінен Ақмола лагерь бөлімшесіне тусті. АЛЖИР лагерінде канша уақыт болғаны белгісіз. Карлаг лагерінен 1945 жылы 13 карашада босатылды. Қамауға дейін әйгілі Грауэрман перзентханасында бас дәрігер қызметін аткарды. Ол үкімет мүшелері мен жоғары лауазымды қызметкерлерге арналған жоғары лауазымды аурухана болды. Оның күйеуі, КСРО мемлекеттік банкінің директорының орынбасары Харин Соломон Михайловичта камауға алынды және 1936 жылы 4 карашада ату жазасына жіберілді. Софья Александровна Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде жұмыстан айырылып, содан кейін ол тұтқындалып, Мәскеуден Уфа түрмесіне, кейін «АЛЖИР» лагеріне жіберілді. Екі қызы, Елена мен Майя, Мәскеуде қалды.стреляли.

         Лагерьде ол дәрігер болып жұмыс істеді, көптеген адамдарды емдеп, қамқорлық жасады , сонымен қатар, науқас адамдарды жалпы жұмыстарға жіберуге рұқсат бермеді. Оларды ас үйге, медпункттарға және шеберханаларға орналастырды. 1947 жылы лагерьден босатылып, Қарағанды қаласында дәрігер мамандығын жалғастырды. Бірақ, 1949 жылы оны жалған айыпқа алып 58 статья бойынша Қарағанды облысының Шет ауданының Ақсу-Аюлы селосына тұрақты тұтқынға алынды. Ол жерле ол 1954 жылға дейін дәрігер қызметін атқарды. София Александровна дәрігер мамандығынына- халық алдындағы парызы ретінде карады. Мамандығы бойынша акушер-гинеколог болып табылатын Софья Александровна, тұтқында басқа да медициналық мамандықтарды игерді, тіс дәрігері мамандығын, венеролог, сонымен қатар көз ауруларын да емдеді. Қазақстанның климаты өте қатаң, ол кезде транспорт та болған жоқ, тек қана ат арбасы. Бірақ кез келген уақытта, ауа райына қарамастан ол науқас адамға көмекке баратын, сондықтан да ауыл тұрғындары оны өте жақсы көретін. Қазақтар оны «Софья дәрігер» деп атайтын. 1954 жылы, 20- партия съезінен кейін ақталып, қоныс аударудан қайтып оралуға, әрі қарай Мәскеуде өмір сүруге мүмкіндік алды. 1977 жылы 83 жасында Ленинград қаласында өкпе ісігінен кайтыс болды.

        Казіргі уақытта Софья Александровнаның қызы Майя Шейнина және немерелері Елена мен Кати Израильда тұрады.

Гриневич Стефания Вячеславовна

        Гриневич Стефания Вячеславовна 1906 жылы Австрияда дүниеге келген. Ұлты- поляк. 1938 жылы 22 наурызда Совет Үкіметінің Ішкі Істер Халық Комиссарлары шешімімен «Отанын сатқандар отбасының мушесі» ретінде 5 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1938 жылы 4 мамырда Мәскеу каласынының Бутырка түрмесінен Ақмола лагерь бөлімшесіне жөнелтілді. 1943 жылы 24 ақпанда тұтқыннан босатылды.

        Гриневич Стефания XX ғасырдың басында Америкада өмір сүрді. 5 тілді меңгерген, машина жүргізе білді. Ол американдық орысқа тұрмысқа шығып, 2 баласы болды: кызы Леонтина және ұлы Дантон. Өкінішке орай, күйеуі балалары кішкентай кезінде кайтыс болды. Оның отбасына куйеуінің жақын досы Эмиль Гриневич көмектесті, Стефания кейін онымен тұрмыс құрып, Мәскеуге социализм құруға кетті. 1936 жылы 7 қаңтарда ұлы Роман дүниеге келді. Эмиль Гриневич 1893 жылы дүниеге келген, екінші авто-жөндеу зауытында техник-диспетчер қызметін атқарды. Қылмыстық кодекстің 58 бабының 6,8 тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, ату жазасына жіберілді. Стефания Вячеславовна 3 айдан кейін «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде» тұтқындалып, Карлагтың 26-нүктесі - Ақмолаға жіберілді, онда 1938 жылдың сәуірінен 1943 жылдың ақпанына дейін болды. Балаларды да үйден алып кетті, ал кішкентай Рома дәретханаға кеткен кезде, көліктің есігі жабылып калып, опердің қолында қалып қойған, солай балалар 52 жылға бір-бірінен айырылады. Леонтина мен Дантон Кировоград балалар үйіне, ал Рома Рыбинсктағы жетімдер үйіне жіберілді, кейін оларды басқа біреулер асырап алады.

        Лагерьде Стафания трактористер курсында оқып, мерзімінің соңына дейін МТЗ тракторында жұмыс жасап, жоспарланған тапсырмаларды мүлтіксіз орындғаны үшін алғыс хатпен марапатталып, Құрмет тақтасына енгізілді. Лагерьден тезірек босап шығу үшін, құрбыларының кеңесі бойынша, бала туып, кішкентай Еленамен Кировоградқа аттанды. Онда басқа балаларымен кездесіп, ассенизатор машинасына жұмысқа орналасты. Стафания ұзақ уақыт бойы «халық жауының» ұлы атанады деп, ұлын іздеуге қорықты, бірақ 1989 жылы елде тыныштық орнаған соң, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ісімен айналысатын Комиссияға хат жазды. Комиссиядан тез арада жауап келді. Сөйтіп, ұлымен өмірінің соңғы кезінде қауышқан Стафания 1990 жылы тамыз айында өмірден қайтты.

Брон Клара Азарьевна

        Брон Клара Азарьевна1885 жылы Киев облысының Умань қаласында туылған. Ұлты - еврей. 1938 жылы 16 мамырда Кеңес Үкіметінің Ішкі Істер Халық Комиссариатының арнайы кеңесіңің шешімімен «Отанын сатқандар отбасының мүшесі» ретінде 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. 1938 жылдың 12 маусымында Мәскеу каласынының Бутырка түрмесінен Ақмола лагеріне әкелінді. «АЛЖИР» лагерінде 1939 жылдың 9 тамызына дейін болды. 1945 жылы 25 қаңтарда дүниеден өтті.

        Клара Азарьевна қарапайым қызметкердің қызы еді, жастық шағында бірнеше рет революциялық қозғалыстарға қатысқаны үшін екі рет айдауда болды. Айдаудан кейін Киев қаласына қайта оралады. Кейін Брон Саул Григорьевичке тұрмысқа шығып, екі баланы – ұлы Лев пен қызы Мириямды дүниеге әкелді. 1927-1930 жж. қызметі ауысқан күйеуі және балаларымен бірге АҚШ-та тұрды. Онда Клара Колумбия университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілін меңгерді, сонымен қатар коммерциялық хат-хабар курсын тәмамдады. 1931 жылы отбасымен бірге Лондонда тұрды.

         Клара Бронның күйеуі – Брон Саул Григорьевич 1887 жылы Одесса қаласында дүниеге келген, РКФСР Сыртқы сауда Халық комиссариатының Украина КСР Халық Комиссарлары Кеңесіндегі уәкілетті өкілі, Роскомбанктің директоры болды, «Экспортхлеб» тресті басқарды, ал 1926 жылдан бастап КСРО Сыртқы Сауда комиссариатында жұмыс істеді, Нью-Йорк қаласында «Амторг» акционерлік қоғамын басқарды. 1927-1930 жж. С.Г. Брон американдық фирмалармен КСРО-ның индустрияландыруына бағытталған маңызды ондаған келісім-шарттар жасасты, соның ішінде Альберт Канның архитектуралық фирмасымен, Генри Фордтың, «Дженерал Электрик» пен Дю Понттың фирмаларымен тарихи келісім-шарттар. Осы жылдары кеңестік трактор және автомобиль өнеркәсібіндегі оның қызметі маңызды роль атқарды. Саул Брон 1937 жылы 25 қазанда тыңшылық жасады деп айыпталып, тұтқындалды, 1938 жылы 21 сәуірде ату жазасына кесілді. Ол кезде Клара әлемдік саясат пен әлемдік шаруашылық институтында аға референт қызметін атқаратын. Күйеуі тұтқындалғаннан соң 10 күннен кейін, 1937 жылы 5 қарашада Клара Брон да тұтқындалып, 1938 жылдың 12 маусымында «Отанын сатқандар отбасының мүшесі» ретінде 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне Ақмолаға жіберілді. Ата-анасы тұтқындалған кезде Лев Әскери академияны тәмамдау үстінде, ал Мира ММУ-нің математика факультетінің 2 курс студенті еді, олар бұл оқиғадан кейін іле-шала оқудан шығарылды. Клара Брон 1945 жылы 22 каңтарда лагерь ауруханасында бауырдың метастаздық қатерлі ісігінен кайтыс болды. 1945 жылы 24 қаңтарда Қарағанды облысының Просторное селосындағы белгісіз зиратта жерленді.

         Клара Азарьевна мен Саул Григорьевичтың балалары Лев пен Мира соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеуге оралды. Лев соғыс жылдары танк жасау зауытында, ал Мира Мәскеу түбінде ағаш дайындау жұмыстарында еңбек етті. Соғыстан кейін Мира мұнай халық комисариатында Мәскеуде және Сахалин аралында жұмыс атқарды. Балаларының күшімен Клара және Саул Брон 1956 жылы 25 сәуірде КСРО Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясының шешімімен, дүниеден өткеннен кейін, ақталу құқығына ие болды.    

Рысқұлова-Исенгулова Әзиза Түбекқызы

Рысқұлова-Исенгулова Әзиза Түбекқызы 1911 жылы Қазақ ССР-ның Жаркент қаласында дүниеге келген. Ұлты - қазақ. 1938 жылы 9 сәуірде 8 жылға Совет Үкіметінің Ішкі Істер Халық Комиссарлары шешімімен еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1938 жылы 29 мамырда Ақмола лагерь бөлімшесіне Мәскеу каласынының Бутырка түрмесінен әкелінді. АЛЖИР лагерінде қанша уақыт болганы белгісіз. КарЛАГ-тан 1946 жылы 9 сәуірде босатылды.

Әзиза Рысқұлова - көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі. Болашақ күйеуімен ол Алматы қаласында танысқан болатын. Тұрар Әзизадан 17 жасқа үлкен еді. 1931 жылы Әзизаның отбасы Мәскеу қаласына көшіп, зооветеринарлық техникумды аяқтаған соң, ветеринарлық институтқа оқуға түсіп, Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шықты. 1937 жылы мамыр айында Рысқұловтың отбасы Кисловодск қаласында демалыста болатын. Тұрар Рысқұлов сол жерде тұтқынға алынды. Сол кезде Әзиза кенже қызына еді. Босануға 40 күн калған. Сегіз жарым ай өткен соң Тұрар 58- бап бойынша айыпталып, 9 ақпаннан 10 ақпанға қараған түнде Лубянканың іргесінде ату жазасына кесілді. Осыдан кейін қамауға алу басталды. Әзизаның 20 жастағы бауыры Шамиль Исенгулов та Коми АССР – да «контрреволюциялық қызметі үшін» айыпталып, 5 жылға сотталды, анасы Арифа Атауловна 1938 жылы ақпан айында қамауға алынып, «Т. Р. Рысқұловтың тыңшысы» ретінде 8 жыл Ақмола лагерінде тұтқында болды. 1945 жылы 30 сәуірде ол миына қан құйылып, қайтыс болды. 1938 жылы Әзиза кішкентай сәбиі Ридамен бірге тұтқындалып, Қарағанды лагерінің 26-нүктесіне жіберілді. Үлкен қызы Сауле 15 жасқа толмастан, Украинаның Одесса облысының Дубки ауылына балалар үйіне жіберілді. Әзиза 26 жасынан бастап, өмірінің 10 жылын лагерде өткізген. Оның ішінде 8 жылын 58 - бап бойынша «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі» ретінде, қалған мерзімін өз еркімен жалдамалы еңбеккер ретінде өткізді. Тұтқында болған жылдары Әзиза Түбекқызы мал дәрігері жұмысын атқарды. Сондай еңбекқор, шапшаң, төзімді Әзиза жоғары санатты, білікті маман болды. Сол себептен де оны тұтқыннан босағаннан кейін де жұмысын жалғастыруға көндірді. Тұтқын әйелдердің кейінгі естеліктеріне қарағанда, Әзиза Түбекқызы лагердегі әйелдерге көмектесетін, оларды тамақтандыратын, әсіресе мал сою кезінде түні бойы малдың жарамсыз бөлшектерін пісіріп, жасырын түрде әйелдерге беретін. 8 жылдан соң оған Осакаровск балалар үйіндегі Риданы алуға рұқсат етті. Оқуын үздік оқыған Саулені ешбір жоғары оқу орны оқуға алмады. Әзиза Түбекқызы 37 жасында қайтып оралды. Ол өмір бойы қалалық ветеринарлық-санитарлық қызмет жүйесінде мал дәрігері қызметін атқарды. Ол өзінің 40 жыл өмірін мал дәрігері қызметіне арнады. 1956 жылы барлық жапа шеккендермен қоса Т.Р. Рысқұлов та ақталды. Үйлерін қайтара бастады. Бірақ Әзиза Мәскеудегі пәтерінен үзілді-кесілді бас тартқан еді, сондықтан да, оларға Алматыдан 2 бөлмелі пәтер берді. Солай олар Қазақстанда қалды.

 

Гүлжамал Майлина

Гүлжамал Майлина 1900 жылы Қарабалық қаласында дүниеге келген. Ұлты - қазақ. 1938 жылы 21 шілдеде 5 жылға Совет Үкіметінің Ішкі Істер Халық Комиссарлары шешімімен еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1938 жылы 3 қазанда Ақмола лагерь бөлімшесіне Мәскеу каласынының Алматы түрмесінен әкелінді. «АЛЖИР» лагерінде қанша уақыт болғаны белгісіз. КарЛАГ-тан 1943 жылы 5 мамырда босатылды.

Гүлжамал Майлина - қазақ жазушысы, драматург және қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Бейімбет Майлиннің әйелі. 1938 жылы контрреволюциялық қызметі үшін айыпталып, ату жазасына кесілді. Одан кейін әйелі Гүлжамал да қамауға алынып, КарЛАГ-қа жіберілді. Г.Майлина жазалау мерзімін «АЛЖИР-де», сонымен қатар Батық лагерь бөлімшесінде өткізді, лагерде қой бағады. Бейімбет пен Гүлжамалдың балалары да қуғын-сүргін зардабын шеккен. Олар жан-жаққа жіберілді: Еділ, Разия және Мереке Семейдегі балалар үйіне жіберілсе, Әукен «халық жауының» баласы ретінде соғысқа, айыптылар батальонына жіберіліп, хабарсыз кеткен, ал кенже қыздары Гүлсім Осакаровск балалар үйіне жіберілді.

 

Лагерде Гүлжамал койшы болды. Бірде ол бағып жүрген 50 қой боранда ығып кетіп, жоғалтып алады.Сол кезде лагерь басшысы, койларды таппаса, мерзімін көбейтетінін айтқан. Іздеп жүріп, Киров совхозына келіп, шеттегі бір үйге кіреді. Ол үйдің кішкентай балаларын көріп, өз балаларын есіне алып, жылап жібереді. Үй иесі оны тыныштандырып, шәй беріп, көршілерін шақырады. Гүлжамалдың Бейімбет Майлиннің әйелі екенін біліп, ауыл жігіттеріне койды іздеуді тапсырыпты, қой табылмаса да, әр үйден бір қойдан беретіндерін айтыпты. Бірақ, қуанышқа орай, жоғалған қойлар табылған екен.

Тұтқыннан босағаннан кейін, 1945 жылы Гүлжамал балаларымен Қарағандыда тұрды. Тұрмысы, күн көрісі өте қиын болған, көмір шығаратын кәсіпорындарда еден жуып, шахтерлардың киімдерін жуып, күндерін көрген. Кейін оны ақтап, Алматыдағы пәтерлерін қайтарды. Қызы Гүлсім мектепті алтын алқамен бітірсе де, ұзақ уақыт институтқа оқуға түсе алмай жүрді. Қай жерде де оның соңынан «халық жауының қызы»атағы қалмады. Көп ұзамай Мұхтар Әуезов қызды қамқорлығына алып, мединститутқа оқуға түсірді. Оқуын үздік аяқтаған Гүлсім Алматыдағы қалалық ауруханада қызмет атқарды. Өзінің немересіне әкесінің құрметіне Бейімбет есімін берді.

 

Киселева Изабелла Степановна

Киселева Изабелла Степановна ұлты поляк, 1915 жылы Вятка қаласында дүниеге келді. Әке-шешесі Киров облысының Вятка қаласында тұрған. Әкесі Степан Леонардович Черниевский, анасы София Игнатьевна Черниевская. 1935 жылы Изабелла Степановна Иван Алексеевич Киселевқа тұрмысқа шықты. 1935 жылы ұлы Станислав, 1937 жылы қызы Эмилия туылған. Алғашқыда отбасымен бірге Мәскеуде тұрды. Кейін күйеуін байланыс басқармасының басшысы етіп ауыстырған соң Николаевск-на-Амуре қаласына көшіп барады. Иван Алексеевич 1938 жылдың 8 қаңтарында тұтқынға алынып, 1938 жылдың 28 мамырында сот шешімімен 58.1а-7-8-11 баптарымен ату жазасына кесілді. Изабелла Степановна 1938 жылдың 31 шілдесінде КСРО НКВД арнайы кеңесінің шешімімен «отанын сатқаннын отбасы мүшесі ретінде» 8 жылға лагерьге жіберілді. Ал балалары жетімдер үйіне жөнелтілді. 1938 жылдың 12 қазанында Николаевск-на-Амуре қаласының түрмесінен Ақмола лагеріне әкелінді. «АЛЖИР»-де болған мерзімі көрсетілмеген. 1946 жылдың 12 маусымында еркіндікке шыққан Изабелла Степановна туыстарын іздеп, Мәскеуге барады. Туыстарын таппай, бір жыл қаңғып жүрген соң, Казан вокзалында пойыздың астына түсуге шешім қабылдайды. Бірақ, белгісіз бір әйел оны құтқарып, өзімен бірге МАКСР-ның Сернур ауылына алып кетеді. Изабелла Степановна осы ауылда Елена Павловна Иванова-Яковлевамен танысады. Ол Изабелла Степановнаны өз үйіне тұрғызып, жергілікті ауруханаға жұмысқа орналастырады. Бұл жерде И. Киселева зейнетке шыққанға дейін қызмет атқарды. Елена Павловнамен 22 жыл бойы бір үйде тұрғандықтан Изабелла Степановна туысқандай болған. Изабелла Степановна оның балалары мен немерелерін бағуға көмектесті. 1959 жылы ақталғаннан кейін Изабелла өз туыстары мен жақындарын іздестіре бастайды. 1961 жылы өз қызын Эмилияны, кейін баласы Станислав пен ағасы Казимирді тауып алады. Өкінішке орай, ол балаларымен тіл табысып, жақындаса алмады. Сондықтан ол өмірінің соңына дейін Елена Павловнаның қызы Галинаның қолында болды. 1986 жылдың 25 желтоқсанында Изабелла Степановна асқазан қылтамағынан қайтыс болды. Ал үш жыл өткен соң Елена Павловна да қайтыс болады. Олар Марий Эл Республикасы Йошкар-Ола қаласындағы Турунов зиратына жерленген.

 

Joomla Plugins
FaLang translation system by Faboba

Экскурсияға тапсырысты рәсімдеу

Жұмыс уақыты:

Дүйсенбi Демалыс
Сейсенбi 9.00-18.00 дейін
Сәрсенбi 9.00-18.00 дейін
Бейсенбi 9.00-18.00 дейін
Жұма 9.00-18.00 дейін
Сенбi 9.00-18.00 дейін
Жексенбi 9.00-18.00 дейін