АЛЖИР тұтқындарының бірегей заттары
Даниленко Мария
Даниленко Мария Львовна 1909 жылы Киев қаласында туған. Мамандығы – агроном. Оның күйеуі Даниленко Иван Данилович, тұтқынға алынғанға дейін Харьков қаласындағы Бүкілодақтық коммунистік партиясының қалалық комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мария 1938 жылдың 26 наурызында НКВД-ның арнайы қаулысымен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жыл бас бостандығынан айырылды.
Лагерде ол агроном болып жұмыс істеді. 1946 жылы тұтқыннан босатылғаннан кейін Киевке келді. Бірақ ол кезде Мария Львовнаның онда не үйі, не дүние-мүлкі жоқ еді. Туыстарының бәрі теріс айналды. Содан оны революцияға қарсы күресуші деп, қайтадан лагерге жібермекші болды. Сол кезде жасынан ширақ Мария тұтқында бірге отырып, талай қиындықты бірге көрген құрбысына хат жазды. Құрбысы оны Алматыға шақырды. Мария Львовна Алматыға келіп, агроном болып жұмысқа орналасты. Алғашқы кезде құрбысының үйінде, кейіннен жатақханада тұрды. 2010 жылы 102 жасқа 12 күн жетпей, қайтыс болды. Қазіргі таңда Алматыда ұлы Николай мен немересі Наталья тұрады.
Мұражай қорында Мария Даниленконың жеңі жоқ, үйеңкі матадан жасалған иығы мен қалталары кестеленген жазғы көйлегі, ақ түсті береті мен сұр түсті күздік пальто сияқты жеке заттары бар.
Найдис Евгения
Найдис Евгения Давыдовна 1914 жылы Житомир қаласында туған. 1938 жылдың 9 наурызында 58 баппен тұтқындалып, 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. 1939 жылдың 29 қарашасында НКВД-ның арнайы қаулысымен Е.Д.Най-диске қатысты іс тоқтатылды. Мұражайдың ғылыми қызметкерлері 2010 жылы Евгения Давыдовнамен кездесіп, сұхбат алды. Евгения Давыдовна мұражай қорына өзі тұтынған жеке заттары мен құжаттарын тапсырды. «АЛЖИР» залына Найдис Евгенияның кофе қайнататын ыдысы, ақ фарфордан жасалған шай сервизі, графин және ақ жіппен тоқылған салфеткасы қойылған. Найдис Евгения 2010 жылы қайтыс болды.
Дивеева Фатима
Дивеева Фатима Қадырқызы 1896 жылы Қызылорда қаласында туған, ұлты – татар. Оның күйеуі Дивеев Шәкір Ғалейұлы 1930 жылы ҚАКСР Ішкі сауда халық комиссары, 1933 жылдың қазанынан 1934 жылдың қыркүйегіне дейін – Қазақ КСР қамдаушы халық комиссарының орынбасары, 1934 жылдың қыркүйегінен – Қазақ КСР Ішкі сауда халық комиссары, 1937 жылдың сәуір-маусым аралығында – Қазақ КСР Кеңес халық комиссариаты мен КСРО Кеңес халық комиссариатының тұрақты уәкілі болды. 1937 жылы 25 маусымда тұтқынға алынып, 1938 жылдың ақпанында атылған. 1958 жылдың шілдесінде ақталды.
Фатима Қадырқызы 1938 жылдың 10 маусымында КСРО НКВД жанындағы Ерекше Кеңесінің шешімімен 8 жыл бас бостандығынан айырылды. 1938 жылдың 24 шілдесінде Алматы түрмесінен «АЛЖИР» лагеріне әкелінді. 1946 жылдың 12 сәуірінде лагерден босатылды. 1977 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
2007 жылы Алматы қаласында тұратын Фатима апайдың жиені Дивеева Альмара көгілдір түсті, ағаш сапты, дөңгелек цилиндрлі формадағы (бидон) ыдысты мұражай қорына тапсырды. Бұл ыдыс мұражайдың «АЛЖИР» залында орын алды.
Нұралина Шафиға
Нұралина Шафиға Рахымжанқызы 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде туған. 1938 жылдың 10 маусымында НКВД-ның арнайы қаулысымен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жылға сотталды. Карлагта 1938 жылдың 9 тамызынан 1946 жылдың 18 наурызына дейін болады. Үйіне баруға рұқсат берілмейді, үйткені паспортында «23» деген белгі болды. Бұл 23 қалаға баруға рұқсат жоқ деген белгі болатын. Соның ішінде Павлодар қаласы да бар. 1946 жылы Шафиға Нұралина «АЛЖИР»-ден босатылып, Ақмолаға келді. Сол қалада Әлімбетов Аралбай деген кісіге тұрмысқа шықты. Шафиға Нұралина екі ұл, екі қыз өсіріп, 2008 жылы дүниеден қайтты.
«АЛЖИР» залында Шафиға Нұралинаның жеке заттары қойылған. Хохламамен өрнектелген ағаш қасығы, ыдыс-аяғы, Шафиға Нұралинаға 1997 жылдың 30 мамырында сыйға тартылған қол сағатында: «Облыс әкімі А. Браунмен кездесуден естелік», - деп жазылған.
Журбина Ревекка
Журбина Ревекка Хаимовна 1899 жылы Чернигов губерниясында Гремяч жергілікті жерінде туған, Одессада тұрған. Ұлты – еврей. 1938 жылы 26 наурызда НКВД жанындағы арнайы қаулысымен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Карлагқа 1938 жылы 26 шілдеде Одессадан келді. 1939 жылы 29 қыркүйекте № 201 НКВД құрылысына әкетілді. Оның күйеуі Авраам Алексеевич Журбин тұтқын-далғанға дейін Одесса облыстық тұтынушылар одағының Президиумының төрағасы болды.
2013 жылдың шілдесінде Санкт-Петербург қаласында мұражай қызметкерлері «АЛЖИР» тұтқыны Ревекка Хаимовна Журбинаның немересі Алексей Александрович Журбинмен кездесті. Немересі мұражай қорына Ревекка Хаимовна мен Авраам Алексеевичтің тұпнүсқа материалдарын тапсырды: құрмет грамотасы, отбасылық фотосуреттері, 1941 жылы 8 наурызда құрбыларына арнап жазған өлеңдері, өлгендігі туралы куәлігі, № 428/П сотталғандығын кешіру туралы анықтамасы, еңбек кітапшасы, зейнеткерлік куәлігі, ақталғаны туралы анықтамалары.
Френкель Лидия
Френкель Лидия Михайловна 1909 жылы Донецк облысына қарасты Луганск қаласында туған. Оның күйеуі ФренкельАлександр МихайловичДнепропетровскідегі алюминий комбинатының техникалық директоры болды. 1937 жылы қазанда тұтқынға алынып, 1938 жылы 5 наурызда атылды.
Лидия Михайловна, дыбыссыз киноның шебері, бес жылын лагерде өткізді. Оның немересі «Московская сага» фильмінің продюсері, Дарья Виолина, эпизодтық көріністерінде әжесінің аса ауыр жағдайдағы өмірін шынайы көрсеткен. Лидия Михайловна № 5-ші Chаnеl әтірін өте жақсы көрген, үнемі соны пайдаланған. Пальтосынан осы әтірдің иісі шығып тұрады екен. Баракқа түскенде өткен бақытты өмірдің хош иісін аңсаған әйелдер оны құшақтайды.
Мұражай экспозициясында Лидия Френкельдің «Голубой ларец» деп аталатын әтірі қойылған. Қорабы жиекпен безендірілген. Орамасында Қызыл алаң бейнеленген.
Дарья Виолина әжесінің өмірі туралы «Мы будем жить», «Московская сага» және «Тяжелый песок» фильмдерін түсіріп, мұражай қорына тапсырды.
Қазбекова Мағрипа
Қазбекова Мағрипа Мырзағұлқызы 1903 жылы Орынбор облысында туған, ұлты – қазақ. 1929 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірді. 1937 жылы оның күйеуі Қазбеков Смағұл тұтқынға алынды, ал оны «АЛЖИР»-ге, кейін Долинкаға жіберді. Ұлдары Магнитогорскідегі мектеп-интернатқа, қыздары Шымкент қаласындағы балалар үйіне жіберілді. 1938 жылдың 25 ақпанынан 1943 жылдың 2 наурызына дейін Мағрифа Мырзағұлқызы «АЛЖИР» мен Долинкада мерзімін өтеді. 1943 жылдан 1946 жылға дейін Балқаш қаласында өз еркімен жұмыс істеді. 1956 жылы ақталады. Өмірінің соңына дейін дәрігер болып қызмет атқарды. Үздік қызметі үшін бірнеше рет ордендермен марапатталды.
Қазбекова Мағрипаға 1974 жылы 10 желтоқсанда Балхаш кен-металлургия комбинаты сыйға тартқан «Дәрігерлік эмблемасы» «АЛЖИР» залында орналасқан.