Кешен бірнеше мұражайлық нысандардан тұрады.
Саяси жер аударылған «халық жауларын» таситын «Сталиндік вагоны», немесе оны басқаша «Қызылша» деп атаған.
«Қасірет қақпасы» монументі – киелі жерге кірудің нышаны іспеттес, бұл жерде екі дүние – тірілер мен бақи болғандар кездесетіндей. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпадан өтіп бара жатып бас ию қажет, бұл – қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған Тағзым!
Ескерткіш белгілер - лагерде отырған 62 ұлттың тұтқын-әйелдеріне деген естелікті мәңгі сақтау үшін Қазақстан Республикасындағы шетелдік мемлекеттердің елшіліктері мұражай аумағында орнатуда.
«Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықты, бостандыққа шығуға сенімсіздіктің, сондықтан да мойынұсынғандық пен әлсіздікті бейнелейді.
«Күрес пен үміт» композициясы тұтқыннан құтылу үміті мен ниетінен поэзияға, еркіндікке бет бұрған әйел бейнесінде сомдалған.
«Көз жасы» стеласы. Стела лагер тозағын көргендерге арналған. Онда бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Сондай-ақ, Қазақстанның аумағында орналасқан Карлагқа бағынысты 11 лагердің атауы жазылған. Тікенекті сымның аржағындағы әйелдер мен балалардың қасіретті тағдыры көрініс тапқан.
Барак – «антикеңестік әрекеттерге баратын әлеуметтік қауіпті» деп танылған тұтқын әйелдер тұрған үй.
«АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы баракта көрсетілген.
«Алаш» бағының ауданы 1,5 гектар жерді құрайды. Бұл жерде кезінде «АЛЖИР» тұтқындары еккен алма бағы болған. Бүгінде осы бақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Зерде қабырғасы
Мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Бұл құпиясы мен сыры мол қобдиша, қайғы сақтау орны іспеттес. Ғимараттың терезесі жоқ, бірақ жарық экспонаттарға жоғарғы жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді. Мұражайға кіру тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді. Тоннельде тоталитаризм дәуіріндегі жер аудару вагондары мен арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендер бейнелері кескінделген.
Мұражай экспозициялары екі қабатқа қойылған. «Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кірген кезден бастап Кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін көрсетеді.
«АЛЖИР» залы ақмолалық лагерінің тарихына арналған.
Жер аудару экспозициясы бір тұтас халықтарға жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін саясатын көрсетеді. Қазақстанға 1,3 млн аса адам мәжбүрлеп аударылды. Қазақстанға жер аударуға немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, қырым татарлары ұшырады. Адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, олардың көпшілігі оны екінші отаным деп есептеді.
ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы саяси идеологиялық қуғын-сүргіндер. 1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың басында сталиндік қуғын-сүргіннің үшінші толқыны өзінің жалғасын тапты. «Звезда» және «Ленинград» журналдарында жарияланған БК(б)П қаулыларынан кейін зиялы қауымды қуғындаудың, идеологиялық жағдайдың шиеленісуінің жаңа орамы басталды. Саяси-идеалогиялық қысым әдебиеттен бастап музыка, жаратылыстану, қоғамдық ғылымдарды түгел қамтып, 1953 жылы «Дәрігерлер ісімен» аяқталды. Қазақстанда «Бекмаханов ісі» қолдан жасалды.
1986 жылғы желтоқсандағы оқиғалар. 1986 жылғы 16 желтоқсанда демократиялық процестерге сенім артқан студенттер мен жас жұмысшылар Алматы қаласының Орталық алаңына шықты. Ресми Мәскеу бұл оқиғаны ұлтшылдықтың көрінісі деп бағалады.
Желтоқсан оқиғасы барысында көптеген адамдар жарақаттанды. Көпшілігі сотталды, олардың 99-ы түрлі мерзімге абақтыға жабылды. 19 жасар Қ. Рысқұлбековті ату жазасына кесті.
Өткенді еске алу – орныққан ұлтаралық келісімнің негізі болып табылады.