Зильберберг Софья Александровна 1894 жылы 5 қарашада Польшадағы Лодзь қаласында туылған, ұлты – еврей. 1937 жылы 29 желтоқсанда КСРО НКВД жанындағы Ерекше Кеңесінің шешімімен Отанын сатқанның отбасы мүшесі ретінде 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. 1938 жылы 25 сәуірде Уфадағы түрмеден Ақмолаға әкелінді. «AЛЖИР»-де болған мерзімі көрсетілмеген. 1945 жылы 13 қарашада Карлагтан босатылды. Тұтқындалғанға дейін әйгілі Грауерман перзентханасының бас дәрігері болды. Бұл үкімет мүшелері мен жоғары дәрежелі жұмысшыларға арналған жоғары дәрежелі перзентхана болатын.
Күйеуі Харин Соломон Михайлович КСРО Мемлекеттік банкі директорының орынбасары қызметін атқарып жүргенде тұтқындалып, 1936 жылы 4 қарашада атылды. Софья Александровна «Отанын сатқанның отбасы мүшесі» ретінде жұмысынан айырылып, Мәскеуден Уфаға қоныс аударылды, сонда тұтқындалып, «АЛЖИР»-ге жіберілді. Екі қызы, Елена мен Майя, Мәскеуде қалды.
Лагерьде дәрігер болып жұмыс істеген кезде науқастарды жалпы жұмыстарға қатыстыруға рұқсат бермей, ас үйде, фельдшерлік пункттерде, шеберханаларға орналастырды. 1947 жылы лагерьден босатылып, Қарағандыда дәрігер болып жұмыс істей бастады. Бірақ 1949 жылы оған 58 бап бойынша жалған айып тағылып, мәңгілік қонысқа Қарағанды облысы Ақсу-Аюлы-Шет ауылына жіберді. Онда ол 1954 жылға дейін дәрігер болып жұмыс істеді. Софья Александровна дәрігер мамандығын адамдарға қызмет ету парызы ретінде қарады. Біліктілігі бойынша акушер-гинеколог болғандықтан, эмиграцияда басқа да медициналық мамандықтарды игерді, стоматолог, венеролог болды, тіпті көз ауруларын емдеді. Кез келген уақытта, кез келген ауа райында науқасқа көмекке баратын, сондықтан тұрғындар оны қатты жақсы көрді. Қазақтар оны «Дәрігер Софья» деп атаған. 1954 жылы жер аударылудан оралып, ХХ партия съезінен кейін ақталды. Мәскеуде тұрды. 1977 жылы Ленинград қаласында 83 жасында өкпе рагынан қайтыс болды. Бүгінде Софья Александровнаның қызы Майя Шейнина мен немерелері Елена, Кати Израильде тұрады.