24 сәуір күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі телеэкспедиция аясында...
24 сәуір күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі телеэкспедиция аясында 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараның мақсаты - Алаштың арда ұлы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтау, оның ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру, ұрпағымызға ұлағат дарыту, ұлттық естеліктерді жаңғырту, сондай-ақ, қайраткердің жары Дәмеш Ермекова-Жүргенова және өзге де жазасын өтеген қайраткерлердің жарлары туралы тарихи деректер мен мәліметтермен бөлісу, рухтарына тағзым ету.
Аталмыш шара Зерде қабырғасына гүл шоғын қою рәсімінен бастау алды. Директордың орынбасары Самат Ілиясұлы Тергембаев кіріспе сөз айтты.
Іс-шара барысында Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Т. Жүргенов «Қоғамдық қорының» төрағасы Аңсат Сәби Әбдіқадырұлы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Алиясқарұлы Көзейбаев, ардагер ұстаз, Темірбек Жүргеновтің туысы Марита Биназарқызы Қуанова, Т.Жүргеновтің келіні Гүлбарам Рақымжанқызы Ысқақова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Қызылорда өңірлік комиссия мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары және философия ғылымдарының докторы Дәулет Кәрібайұлы Омаров сөз сөйлеп, қазақ мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосқан, өз ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен, аса көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов туралы баяндады.
Т.Жүргеновтің кіші інісінің келіні Гүлбарам Рақымжанқызы Ысқақова Дамеш Жүргенова туралы айтты. Олар 1969 жылы танысып, жақсы қарым-қатынаста болған. Дамеш Жүргенова – Қазақ КСР-на еңбек сіңірген дәрігер, 1938-1941 жылдары "АЛЖИР"-де мерзімін өтеген. Гүлбарамның айтуынша, ол ақсүйек, білімді, мәдениетті, мейірімді және жанашыр әйел болған, өз зейнетақысынан Темірбектің інісінің отбасына көмектескен және 85 жасында миына қан кетіп, қайтыс болған.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Сапар Әлияскарұлы Қөзейбаев музей Еуразиялық дизайнер одағының мүшесі, С. Айтбаев атындағы көркем сурет галереясының өнертанушысы Тұрсынбек Омаровтың қорына Т. Жүргеновтің бейнесі майлы бояумен салынған картинасын, "Музей – халық қазынасы", "Сырдың киелі ескерткіштері: мифтер, аңыздар, тарих", "Комиссар Жүргенов" кітаптарын және мұражай ұжымына іс-шараны өткізуге көмек көрсеткені үшін алғыс хат табыстады.
Сонымен қатар, Самат Ілиясұлы мұражайдан естелік ретінде мемориалдың 10 жылдығы мен жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына орай «Ұрпақтар ұмытпайды» атты саяси қуғын-сүргін құрбандары балаларының естеліктер жинағын сыйға берді.
Іс-шара соңында қонақтарға «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені бойынша экскурсия өткізілді.