22 мамыр күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының әкімдігі...
22 мамыр күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының әкімдігі мен Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі «Алаш күндері» аясында Алашорданың Батыс бөлімінің 105 жылдығы мен Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына орай «Алашорданың батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Мақсаты: көрнекті қайраткерлер Халел Досмұхамедовтың және Жаһанша Досмұхамедовтың өмірі мен қызметін насихаттау, "Алаш" партиясы көшбасшыларының өмірі мен қызметі өнегесінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі директорының орынбасары Алмагүл Ойшыбаева Халел Досмұхамедовтың және Жаһанша Досмұхамедовтың өмірі мен қызметіне арналған «Алашорданың Батыс бөлімінің жетекшілері» көрмесімен таныстырды. Көрме барысында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев кіріспе сөз айтып, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне Ж. Досмұхамедовтың Мәскеу қаласындағы Бутово полигонынан әкелінген топырақты табыстады. Сырым ауданы Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектептің оқушылары Айсана Мұратова, Әмір Темір, Нұрберген Зейнетден және Гүлсезім Бақытжан "Алаш"партиясының көрнекті қайраткерлеріне арналған өлеңдерін оқыды. «Зерде» залында өткен «Алашорданың Батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Кәрімұлы Өтеғұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Өмірзақ Озғанбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай кіріспе сөз айтты. Іс-шараға Жаһанша Досмұхамедовтың бел немересі Гүлнар Бисенғалиқызы Қуаншалеева қатысты.


FaLang translation system by Faboba