31 мамыр күні Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай мұражай аумағында Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының Мемориалына гүл шоғын қою рәсімі өтті. Гүл шоғы Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының, Целиноград ауданы әкімдігінің және Астана қаласы жұртшылық өкілдері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан қойылды. Іс-шара барысында бір минут үнсіздік жарияланды. Зерде қабырғасында Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Ермекұлы Қаналимов, «АЛЖИР» тұтқыны Сағадат Таштитованың немере жиені Жанат Сәлкенұлы Түгелбаев, Орынбор облысының Бузулук қаласынан келген «АЛЖИР» тұтқыны Мария Павловна Биишеваның немересі Юрий Михайлович Биишев және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі қатысушысы Әлібек Оқапұлы Алмабаев сөз сөйледі.
Астана қаласы мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов пен Ақмол ауылың аға дін қызметшісі Максим Маджитов әруақтар рухына құран бағыштады.
«АЛЖИР» залында 2020-2022 жылғы ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында жиналған материалдар негізінде дайындалған «АЛЖИР»-дің бірегей жәдігерлері» көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Адель Рысқұлова, Юрий Михайлович Биишев, Марат Бердыханұлы Екибаев және Алма Кәрімханқызы Әубәкірова мұражай қорына саяси қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары жөнінде архивтік материал тапсырды.