Тігін фабрикасы. Темір тордың арғы жағында жұмыс үстіндегі әйел-тұтқынның образы бейнеленген. Әйелдерді үйінен киіп келген киімдерімен лагерге жөнелтетін. Біреуі жазғы көйлекте болса, екіншісі халат жамыла салған. Сондықтан да тігін фабрикасы ашылғаннан кейін олар алдымен өздеріне бір қабат киім әзірледі. Кейінірек Ұлы Отан соғысы жылдарында солдаттар үшін киім-кешек тікті.
Әрбір әйел күніне жұмыстың белгілі бір нормасын орындауы керек еді. Норманы орындамаған жағдайда оларды жазалайтын: нан бермей қоятын немесе аштықтан да қорқыныштысы – хат жазуға рұқсат бермейтін. Сондықтан тұтқындар күніне 16 сағат жұмыс жасайтын. Мәскеу мен Ленинградтан тапсырыс көп болатын.
Лагерде сондай-ақ бір ғана шам жанып тұратын кесте тігетін цех жұмыс жасайтын. Көптеген әйелдердің сол цехта жүргеннен көздерінің көру қабілеті нашарлады. Бірақ соған қарамастан олар жұмыстарын адал орындады. АЛЖИР-дің кейбір тұтқындары бостандыққа шыққаннан кейін өз жұмыстарын дүкендердің сөрелерінен кездестіретін.