Өзінің құттықтау сөзінде мұражай директоры Самат Ілиясұлы Тергембаев Ұлт Көшбасшысының, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи маңызы мен рөлін атап өтті. Қатысушылардың назарын Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне, еліміздің халықтарының тарихи өткеніне және дәстүрлеріне құрметпен қарауға аударды.
Іс-шара барысында Ақмол ауылы № 5 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дулыға Серікбаевтың орындауында «Елбасы толғауы» және Құрманғазының «Балбырауын» күйі, «Балдәурен» вокалдық тобының орындауында «Елбасы – ел бағы», Аяна Ақпарованың орындауында «Мерекелеріңізбен», Тоғжан Үкібайдың орындауында «Бақытты балалық», Аружан Әмірованың орындауында «Елбасы», Кенжалы Айарудың орындауында «Мәңгілік ел» және т.б. әндер орындалды.
Мұражайдың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін «Балдәурен» вокалдық тобының жетекшісі Айнұр Амантайқызы Жұмабаева мен «Жұлдыз» балабақшасы ән пәнінің мұғалімі Нұргүл Баймұханқызы Ақпароваға мұражайдан естелік ретінде «Еуразия жүрегі», «Елорда» атты кітаптар табыс етілді. «Аманат-«АЛЖИР» Қоғамдық Қоры балаларға тәттілер сыйлады. Аталған іс-шараға 29 адам қатысты.