2020 жылғы 9-15 наурыз аралығында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының материалдары негізінде «Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары мен туыстары» атты слайд түріндегі көрме ұйымдастырылды.
Абай – біздің мақтанышымыз. Ол отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай есімі әлем әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұр. Ақынның мол әдеби мұрасы тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Ол – қазақтың жаңа әдебиетінің, жазба әдебиетінің негізін са-лушы.
Өз кезеңінің білімдары, ойшылы болған Абай поэзиясының тамыры өте тереңде, адамзат өркениеті қайнарында жатыр. Абай өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті.
Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, көзінен таса қылмады. Тіпті, 1903 жылы Семей тыңшылары ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.
Кеңес Үкіметі де Абай ұрпақтарын өз қырына алды: соттады, атты, қудалады.
Абайдың ақын шәкірті, әрі інісі Шәкәрім қазақ халқының ұлттық мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы өте бай. Ақын қоғамдағы болып жатқан дүбірлі оқиғалардан шет қалмады. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде ұлт зиялыларының «Алаш» партиясын және қазақ автономиясын құрсақ деген ниетпен облыстарда өткізген қазақ сьездеріне қатысып сөз сөйлеген. Қарт ақынды қызылдар жетпіс үшке қараған шағында 1931 жылы қазан айында атып тастады. 1928 жылы Абайдың ұлы Тұрағұл кәмпескеленіп, Шымкент қаласына жер аударылады. Абайдың тағы бір ұлы Мекайіл 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталып, Семей түрмесінде сотсыз атылады.
Осындай шырғалаңды Абай ұрпақтарынан Әубәкір, Әрхам, Даниял, Халит, Бағұфұрлар да бастарынан кешті.