1936 жылы Ысмағұл Сүлейменұлы халық жауы ретінде тұтқындалды, ал Мағрифа Мырзағұлқызы Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде этаппен Ақмола лагеріне, кейін Долинкаға жіберілді. Балалары бір-бірінен бөлініп кетті. Ұлы Ерденді Магнитогорскідегі мектеп-интернатқа, ал қызы Элкені Шымкент қаласындағы балалар үйіне жіберді (мәлімет оның немересі Зәуре Оспанованың мақаласынан алынды).
Мағрифа Мұрзағұлқызы 1938 жылы 21-ші шілдеде НКВД жанындағы Ерекше Кеңестің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Ақмола лагеріне 1938 жылдың 1 қазанында Шымкент қаласының түрмесінен әкелінген. 1943 жылдың 2 наурызда Карлагтан босатылды (мәлімет Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы мен «Мемориал» Халқаралық қоғам 2003 жылы Мәскеу қаласының «Звенья» баспасынан шыққан «Узницы «АЛЖИРа» кітабынан алынды).
1943-1946 жылдары, лагерден босатылғаннан кейін, Мағрифа Мырзағұлқызы Карлагтың 26-ші нүктесінде қалып, дәрігер қызметін атқарды. Ол 1956 жылы ақталды. Өмірінің соңына дейін Балхаш қаласында дәрігер болып, Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері атағын алды.
Мағрифа Мырзағұлқызы 1982 жылы қайтыс болды (мәлімет Мағрифа Қазбекованың немересі Зәуре Оспанованың жазған мақаласынан алынды).