2021 жылғы 26-27 наурыз аралығында мұражай қызметкерлері Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен «Шаңырақ» Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығының ұйымдастыруымен «ҚХА кафедраларының тарихи жадыны сақтау бойынша музейлер және мұрағаттармен ынтымақтастығы (Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мысалында)» тақырыбындағы халықаралық қатысумен ZOOM платформасында онлайн форматта өткен республикалық ғылыми-практикалық вебинарға қатысты. Вебинардың мақсаты: ҚХА кафедраларының, ғылыми-білім беру құрылымдарының, азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын, ортақ тарихи жадыны сақтаудағы халықаралық тәжірибені дамыту әдістерімен таныстыру және конструктивті талқылау. Республикалық вебинарда келесі өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда: ҚР Президентінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығын іске асыру жөніндегі жобалар шеңберінде ҚХА кафедраларын, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамын, ғалымдар мен сарапшыларды ғылыми зерттеулерге тарту; музей-мемориалдық кешендермен және мұрағаттармен, оның ішінде өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың негізгі жолдарын айқындау; тарихи жадыны сақтау бойынша шетелдік тәжірибені жинақтау; аталған тақырып бойынша ҚР БҒМ гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында ғылыми-қолданбалы жобалау мүмкіндіктерін зерттеу; «Болашақ үшін естелік», «Жібек жолындағы әңгімелер», «Алғыс айту күні», «Қайырымдылық керуені» және т.б. ҚХА-ның жобаларын іске асыруға қатысу бойынша тәжірибені жинақтау; студент жастармен тәрбиелік іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда ҚХА кафедраларының этномәдени қауымдастықпен өзара іс-қимылы; ҚХА кафедраларының, ҚХА ҒСК-ның, ғалымдардың, сарапшылардың этностар тарихы, депортация және ашаршылық туралы ғылыми, деректі, публицистикалық әдебиеттерді шығарудағы этномәдени қауымдастықпен ынтымақтастығы.
Мұражай қызметкерлері Г. Төлепбергенова мен Е.Саморокова «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің ғылыми қор жинау қызметі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен байланыс» тақырыбындағы көрменің тұсаукесерін жасап, баяндама оқыды.
Баяндамада мұражайдың зерттеу қызметіндегі жетістіктері мен репрессия құрбандары ұрпақтарының мұражай қорын толықтырудағы үлесі туралы айтып берді.