Театрландырылған қойылым «Алаш» залында орнатылған Этноауылда ұйымдастырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдармен дәстүрлі дөңгелек үстел жайылды. Целиноград ауданы Мәдениет үйінің әншісі Еркебұлан Қасымов «Исаның желдірмесі» атты әнін орындап, іс-шараны ашып берді. 2014 жылғы қаңтарда Целиноград ауданы Мәдениет үйінің жанында құрылған «Ару ана» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Бақыткүл Айтмұхамбетова ансамбльдің жетістіктерін айтып, «Ауылым» әнін орындады. Ансамбльдің қатысушылары Әсемгүл Жұпарбаева, Зәбира Айдосова, Ғайша Дүйсекеева, Роза Асылбек, Нағима Тастағановалар келушілер назарына «Диірменен бидай тарту», «Жүн сабау», «Ұршұқ иіру», «Құрақ көрпе, «Күбі пісу» салт-дәстүрлерімен таныстырды.
Қонақтардың назарына «Қыз баланы оң босағаға отырғызу» қазақ халқының ұлттық дәстүрі көрсетілді.
«Ару ана» ансамблінің орындауында «Гүлдерайым», «Жариям айдай», «Қыз көргендер», «Сәулем ай», «Үкілім ай», Еркебұлан Қасымовтың орындауында «Ғазиздің әні», «Гәкку» әндері орындалды. Іс-шара барысында қонақтар бауырсақ пен қымыздан дәм татты.
Қонақтарға «Асық», «Кел, сақина, кел!» ойындары ұйымдастырылды, «Алаш», «АЛЖИР» залдары бойынша қазақ, орыс тілдерінде экскурсия өткізіліп, «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» деректі фильмі көрсетілді.
АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры Самат Ілиясұлы Тергембаев іс-шара қонақтарына алғыс білдіріп, қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтау мен насихатттауға үлес қосқаны үшін Целиноград ауданы Мәдениет үйінің ұжымы мен «Ару ана» халықтық әжелер ансамблін Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, «Аманат-«АЛЖИР» Қоғамдық қоры «Ару ана» халықтық әжелер ансамбліне сыйлық табыстады.