Мұражай маманы Анар Хасенова фейсбук әлеуметтік желісі арқылы қуғын-сүргін құрбаны Ысмайыл Мансұрұлы Тайыровтың немересі бүгінде Хартфордшир Құрама Корольдігінде тұрып жатқан Рауза Веркомен байланыс орнатты. Орнатылған байланыс нәтижесінде ол мұражай қорына Ысмайыл Тайыровтың ақтау туралы анықтамасын, Хадича Ахмедовна Газиева-Тайырованың фотосуреті мен ақтау туралы анықтамасын, сонымен қатар, Ысмайыл мен Хадичаның бірге түскен фотосуретін тапсырды.
Осыған орай, 2020 жылғы 30 қазан-3 қараша аралығында зерттеу жұмысы бөлімінің маманы Гүлжан Бауыржанова Алматы қаласы Департамент полициясының ақпараттандыру және байланыс басқармасының мұрағатында 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Ысмайыл Мансұрұлы Тайыровтың құжаттары негізінде зерттеу жұмысын ұйымдастырды.
Ысмайыл Мансұрұлы Тайыров, 1900 жылы Алматы облысының Шілік ауданында туылған, ұлты – үйғұр. Әлеуметтік жағдайы – қызметкер. Тұтқындалған кезде 1910 жылы туылған Хадича Ахмедовна Газиева-Тайыроваға үйленген болатын, үлкен ұлы Рустам 1931 жылы туылған, кіші ұлы Достам 1936 жылы туылған. Хадича Ахмедовна мерзімін «АЛЖИР»-де өтеген. Зерттеу жұмысы барысында Ысмайыл мен Хадичаның немересі Рустам Достамұлы Тайыровпен кездесу ұйымдастырылды. Ол мұражай қорына Х.А. Газиева-Тайырованың еңбек кітапшасының, Хадичаның балалары Рустам мен Достаммен бірге түскен фотосуретінің, КСРО Түркістан әскери округінің Әскери трибуналының 1956 жылғы 26 шілдедегі Х.А. Газиева-Тайыроваға қатысты істің тоқтатылғаны туралы анықтаманың, екінші губерниялық облыстық кедей съезі мүшелерінің 1921 жылғы фотосуретінің, Х.А. Тайырованың фотосуретінің, кеңес мемлекеттік қазақ қайраткері Жұбаныш Бәрібаевтың жұбайы Ташбуби Бәрібаеваның Ы. Тайыров туралы естелігінің көшірмелерін тапсырды.
Сонымен қатар, мұражай маманы Г. Бауыржанованың мұрағаттан алған құжаттарының көшірмелері Рустам Достамұлына берілді (35 құжат). Архивтік құжаттарды зерттеу нәтижесінде Ы.М. Тайыров жайлы табылған жаңа деректерде оның бірінші әйелі мен балалары болғаны анықталды.