27 қарашада Ливерпуль университеті мен Назарбаев университеті арасындағы «АЛЖИР Гулаг: қиын мұра, көптілділік және мемориализация» атты халықаралық ғылыми жоба негізінде Назарбаев университетінің ассоциативті профессоры Гүлнар Әбілдақызы Омарбекова мен Ph.D әлем тілдері, әдебиеті және мәдениеті кафедрасының ассистент-профессоры Габриэль Макгуирмен кездесу болды. Кездесу мақсаты – мұражай қорындағы «АЛЖИР» тұтқындарына қатысты архивтік құжаттармен танысу. Кездесу аясында мұражай директоры Самат Ілиясұлы Тергембаев музей қызметі туралы айтып, «АЛЖИР» тұтқындарына қатысты материалдармен қорды толықтыру мақсатында шет елдердегі мұрағаттарда зерттеу жұмысын жүргізу керектігін айтты.
Мұражайдың бас қор сақтаушысы Жанар Ергельдинова музей қоры алыс және жақын шет елдерде тұратын қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен қызметкерлердің Қазақстанның облыстық мұрағаттарында зерттеу жұмыстарының арқасында «АЛЖИР» тұтқындарының материалдарымен толықтырылғаны, белорус ұлтты «АЛЖИР» тұтқындарына қатысты мыңнан астам құжатты Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко табыстағаны және 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен Санкт-Петербург, Тель-Авив, Тбилиси қалаларына іс-сапарлар ұйымдастырылып, көптеген материал жинақталғаны туралы айтып берді. Сонымен қатар, мұражай маманы Анар Хасенова қонақтарға «Алаш» және «АЛЖИР» залдары бойынша ағылшын тілінде экскурсия жүргізді.