Ғылыми экспедициялар
Ғылыми экспедициялар«АЛЖИР» мұражайының ғылыми-зерттеу қызметінің бір бөлігі ғылыми-іздеу мен экспедициялық жұмыстары болып табылады.
Мұражай ашылған 2007 жылы, Алматы қаласына алғашқы іс-сапар ұйымдастырылды. Іс-сапар барысында мұражай қызметкерлері «АЛЖИР» тұтқындары Уәзипа Күленова мен Мария Даниленкомен және Ілияс Жансүгіровтың балалары Саят пен Ильфамен, Қазақстанның тұңғыш банкирі Төребек Османовтың қызы Заремамен, сондай-ақ Тұрар Рысқұловтың қызы Сәулемен кездесу ұйымдастырылды.
nauchno-issledovatelskie-komandirovki-2016
2016 жылғы 25 наурыз-3 сәуірде Атырау облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдарды жинау мақсатында Атырау қаласына зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстары Атырау облысының Мемлекеттік мұрағатында және тарихи-өлкетану мұражайында жүргізілді. Атырау облысының Мемлекеттік мұрағаты мұражай қорына 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Ақботин Хамит, Залиев Нұғыман, Бердиев Жәнібек, Айтмағанбетов Боран және тағы басқалардың, сондай-ақ 30-шы жылдары ашаршылыққа қатысты материалдарды берді. Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайы қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлер Ж. Досмұхамедовтың, О. Исмурзиннің, А. Қодаровтың, М. Әубекеровтың, Х. Досмұхамедовтың, Қ. Есқалиевтің, Қ. Қарабалиннің, А. Құдайбергеновтың және тағы басқалардың да материалдарын мұражай қорына тапсырды. Іс-сапар барысында мұражай қызметкерлері саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары Назымқан Асанова, Хабиболла Мухитов, Александра Чалова, Ақжай Койшыбаева және Гульсимат Темиргалиевамен кездесті.
30 тамыз-6 шілде аралығында мұражай қорын толықтыру мен тәжірибе алмасу мақсатында мұражай қызметкерлері Алматы қаласына зерттеу іс-сапармен барып қайтты. Зерттеу жұмысы ҚР Президентінің және Алматы қаласы Ішкі Істер департаменті ақпараттық-талдау орталығының арнайы мемлекеттік мұрағаттарында ұйымдастырылды. Алаш партиясының мүшесі, тұтқындалғанға дейін А. Құнанбаев атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының доценті болған Файзолла Ғалымжановтың ұрпағы Мұқтар Ғалымжанов мұражай қорына атасы туралы библиографиялық очерк пен фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттарды тапсырды.
10 тамызда экспозиция және көрме бөлімінің маманы Р.Р. Жақсыбаева PaperLab дискуссиялық клубында «Музеи: В поисках новой модели» тақырыбында өткен мәжіліске қатысты. Мәжіліс барысында Астана мен Алматы сияқты ірі қалалар өміріндегі мұражайлардың ролі мен әлеуметтік және білім беруге арналған қызметтері талқыланды.
18-24 қыркүйек аралығында Қостанай қаласына іс-сапар ұйымдастырылды. Іс-сапар мақсаты – ХХ ғасырдың 30-50-шы жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы материалдар жинақтау, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен Қазақстанға жер аударылғандармен, сонымен қатар қуғын-сүргін тақырыбына жазатын жазушылармен кездесу ұйымдастыру және мұражай мен мұрағаттардың қызметкерлерімен тәжірибе алмасу. Іс-сапар барысында мұражай қызметкерлері Қостанай облысы бойынша Ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық бөлімі мен Қостанай облысының Мемлекеттік мұрағатында зерттеу жұмыстарын өткізді.
23 қыркүйекте мұражай қызметкерлері Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығында қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен Қазақстанға жер аударылғандармен кездесу өткізді.